СҚО-да өкпе обырына шалдыққандар саны 20 пайыз азайды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында өкпе обырына шалдыққандар саны биыл 20 пайыз азайды. Сонымен қатар осы аурудың салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші де төмендеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық аурулардың ішінде таралуы бойынша өкпе обыры бірінші орында тұр. Сырқаттанғандардың негізін 60 жастан асқандар құрайды. 

Облыстық онкологиялық диспансерге жыл басынан 189 науқас тіркеуге алынды. Бұл былтырғыдан 48 адамға аз.

Соған қарамастан Солтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша өкпенің обырымен ауыратындардың санынан алдыңғы орындарда тұр. Мамандардың сөзінше, елімізде бұл дертті анықтайтын скринингтік бағдарламалар  жоқ. Сондықтан дертті ерте анықтау қиынға соғады. Алғашқы кезеңінде белгілі болған жағдайда толық емделіп кету мүмкіндігі зор. Облыстық диспансерде жыл сайын өкпе обырына 100-ге жуық ота жасалады  екен.

«Өкпе обыры суық аймақтарда кеңінен таралған. Ауаны ластайтын өндірістік кәсіпорындардың көптігі де әсер етеді. Темекі шегу де дерттің асқынуына әкеледі.  Көбіне 50-ден асқан ер адамдар ауырады», - дейді облыстық онкологиялық диспансердің  бас дәрігерінің  емдеу ісі жөніндегі орынбасары Олег Дудяк. 

Мамандардың айтуынша, қазір еліміз бойынша 160 мың қазақстандық онкологиялық есепте тұр. Дұрыс тамақтанбау, семіздік, темекі шегу, алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану қатерлі ісікке әкеледі екен. Сондай-ақ, химиялық қосындылары бар хот-дог, сүрсүбе, шұжық өнімдерінен бас тартқан абзал.