СҚО-да он күн ішінде Армениядан әкелінген 53 автокөлік тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар Армениядан әкелінген көліктерін тіркеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 күн ішінде Армениядан әкелінген 53 автокөлікке жаңа нөмір берілді.

Шетелдік көлігін тіркеуге қойғандардың бірі - Бейбіт Құрманғожин. Егін егу науқанынан қолы босаған шаруа Петропавлға Айыртау ауданының Саумалкөл ауылынан келді. Ол 2007 жылы шыққан «Honda pilot» маркалы көлігін Армениядан былтыр күзде сатып әкелген.

«Бұл істің көңілдегідей аяқталғаны жақсы болды. Әрине, бұған дейін тіркеуге болмайды дегенде қобалжыдым. Енді есепке қоюға болатынын естіп, қол босасымен бірден заң бойынша рәсімдеуге келдім. Бірер сағаттық жұмыс екен, барлығына рахмет айтамын», - дейді шаруа қожалығының басшысы.

2020 жылдың 1 ақпанына дейін елге жеткізілген, рулі сол жақта орналасқан армениялық автокөліктерді 1 маусымнан бастап тіркеу жүріп жатыр.

«Көлік құралдарын тіркеу үшін көлік иелері жеке куәлігін, мемлекеттік тіркеу үшін алым және мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек, көлік құралдарын тіркеу туралы куәлігін және Армения Республикасының уәкілетті органымен берілген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін ұсынуы қажет. Сонымен қатар, құжаттар қазақ немесе орыс тілдеріне аударылып, нотариуспен расталуы тиіс», - дейді процессингтік орталықтың бастығы Әсет Мәтен.