СҚО-да он күнде өрттен 3 адам қаза тапты, төртеуі күйіп қалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы онкүндікте 25 өрт тіркелді. 3 адам қаза тауып, 4 тұрғын жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдар Мұсатаевтың айтуынша, 4 желтоқсан күні Есіл ауданының Николаевка елді мекенінде жеке тұрғын үйден өрт шыққан.

Оқиға орнынан үй иесі 81 жастағы әйелдің денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына пешті дұрыс қолданбау себеп болған.

Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка елді мекенінде де жер үйде өрт шыққан.

Өрт сөндірушілер жанып кеткен үйден 41 жастағы ер адамның мүрдесін тапты. Мұнда да өрт пешті қолдану талабын бұзудан болған.

«Өткен аптада 25 өрт тіркелді, оның басым бөлігі жеке секторда болды. 6 желтоқсан күні Тайынша қаласында газ баллонын қолдану барысында қауіпсіздік техникасын сақтамаудан жарылыс болған. Арты өртке ұласып, үйдің 36 жастағы иесі термиялық күйік алды. Оның денесінің 60 % күйген. Ер адам 12 желтоқсанда ауруханада қайтыс болды», - дейді Айдар Мұсатаев.

Жалпы СҚО-да жыл басынан бері 648 өрт болған, салдарынан 36 адам қаза тапты.

Тағы 30 адам түрлі дене жарақатын алды. 25 адамға, соның ішінде 7 балаға иіс тиген. Келген материалдық шығын 426 млн теңге шамасында.