СҚО-да өндірілген ұн өнімдері ел ішіндегі нарыққа шығуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан обылысының Тайынша ауданында орналасқан «Memolux» ЖШС кәсіпорны жақын уақытта ішкі нарықты ұн өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Орталық Азия және қытайлық «Жэньминь жибао» газеті журналистері «Бір белдеу — Бір жол» тақырыбымен өткен бірлескен баспасөз туры аясында зауыттың жұмысымен танысып қайтты.
Кәсіпорын қазіргі уақытта қытайлық «Сиань Ай Цзюй» корпорациясымен бірлесіп бидайды терең өңдеу жобасын іске асырып жатыр.
Кәсіпорын өкілдерінің таныстыруынша, зауыт жылына 200 мың тонна ұн және 300 мың тонна жемшөп ұны, сонымен қатар 20 мың тонна кеспе өнімдерін өндіреді.
«Сиань Ай Цзюй» корпорациясының Қазақстандағы бас директоры Фан Лунфейдің айтуынша, кәсіпорын өнімдерін ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
— Сапалы ұн өнімдеріміз Қытай нарығына экспортқа шығарылып жатыр. Жоспарға сәйкес, қазақстандықтар келесі айда біздің өнімдерімізді тұтына алады, — деді ол.
Қытайлық кәсіпорын басшысының айтуынша, шығарылған ұн өнімдеріне «Халал» сертификатын алуға өтініш берілген.
— Қазіргі уақытта біз өнімдеріміздің «Халал» стандарты бойынша сертификатын алуға өтініш бердік. Алдағы уақытта тиісті рәсімдерді аяқтап, ішкі нарықта өнімдерімізді шығаруды бастаймыз, — деді Фан Лунфей.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Қытайда Қазақстан ұнын сататын өкілдік құруды ұсынған болатын.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Италия нарығына бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын екендігін айтты.