СҚО-да өңір тұрғындары 15 медициналық ұйымда оңалтудан өте алады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Жарақаттан, күрделі операциядан немесе ауыр сырқаттан кейін толыққанды өмірге қайта оралу үшін оңалту аса маңызды. Солтүстік Қазақстан облысында биыл тұрғындарға шамамен 715 млн теңгенің медициналық оңалту көмегі көрсетілді.

Фото: ҚР Президентінің Іс Басқармасы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының СҚО бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 59 млн теңгеге артық.

- Жыл басынан бері облыстың медицина ұйымдарында тәулік бойғы және күндізгі стационарларда 1 308 пациент оңалтудан өтті. Бұл мақсатқа 359,2 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар амбулаторлық деңгейде 142,5 мың оңалту қызметі көрсетілді, - дейді Айнагүл Давлетчина.

Биыл СҚО-да медициналық қызмет көрсететін 46 ұйыммен келісімшарт жасалған. Оның ішінде 15 медициналық ұйым оңалту көмегін көрсетеді. Мұндай қызмет тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да қолжетімді. Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық ауруханаларда тұрғындар қажетті оңалту шараларын ала алады.

- Оңалту бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең аурудың жіті кезеңінде немесе хирургиялық араласудан кейін басталып, асқынулардың алдын алуға және ағзаның қызметін қалпына келтіруге бағытталады. Кейін пациенттің жағдайына қарай оңалту арнайы бөлімшелерде немесе оңалту орталықтарында жалғасады. Үшінші кезеңде ем амбулаториялық жағдайда, стационарларда, санаторийлерде немесе үйде жүргізілуі мүмкін, - дейді филиал директоры.

МӘМС жүйесі аясында балаларды оңалту бағдарламаларына да ерекше көңіл бөлінген. 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдік санатына кіреді.

- Жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде оңалту қызметтерінің түрлері мен көлемі кеңейіп келеді. Бүгінде мұндай көмекті алу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы жеткілікті. Оңалтудан өту үшін пациенттерге МӘМС жүйесінде 12 ай бойы үздіксіз жарна төлеуі шарт немесе жеңілдікті санатқа - балалар, зейнеткерлер, студенттер, әскери қызметшілер, жүкті әйелдер, көпбалалы аналар қатарында болуы қажет, - дейді Айнагүл Давлетчина.

Бұған дейін әскери-медициналық қызмет көрсету ережелері өзгергенін жазған едік.