СҚО-да описторхозбен ауырудың 19 жағдайы тіркелді

Фото: freepik.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Описторх паразиттерін жұқтырғандардың біреуі — бала.

Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, описторхоз — бауыр, ұйқы безі, өт жолдарын зақымдайтын созылмалы ауру. Дертті паразиттер, гельминттер тудырады.

Описторх паразиттері өт жолдарының шырышымен, шырышты қабықтың жасушаларымен қоректенеді және салдарынан ішкі ағзада қан кетеді. 

Мамандардың айтуынша, аурудың негізгі белгісі — аллергия. Ол паразиттердің токсиндер мен олардың зат алмасу өнімдерін бөлуі салдарынан пайда болады.

Дерматит, экзема, терінің қышуы, есекжемнен тері зақымданады және Квинке ісінуі түрінде болады.

— Описторхозды уақтылы емдемеу жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Салдарынан сырқатта шаршау, тітіркену, ұйқысыздық болады, Басы ауырып, айналады. Тершеңдік, қабақтың, тілдің, саусақтардың дірілдеуі байқалады. Бұл аурудан иммунитет әлсіреп, жүрек-қан тамырлары, жүйке, несеп-жыныс жүйесі және қан зиян шегеді, — дейді дәрігерлер.

Описторхоз ауруы бауырға, сондай-ақ өт қабына, ұйқы безіне, олардың каналдарына және бүкіл асқазан-ішек жолдарына әсер етеді.

Сол себепті мамандар описторхоздың алдын алу үшін тағамды дұрыс әзірлеуге кеңес береді. Ең алдымен балық пен ет дайындау технологиясын сақтау керек, зарарсыздандыруға қайнаған сәттен бастап кемінде 20 минут термиялық өңдеу арқылы қол жеткізіледі. Сондай-ақ, балықты ыстау және тұздау технологиясын сақтау қажет.

Ас үй жабдықтарын таза ұстау описторхоздың алдын алуда маңызды рөл атқарады, өйткені балықпен келген описторхоз паразиттері тақтайшада қалып, құрал-жабдықтарға жұғады.

Тұздау кезінде тұз концентрациясы балық салмағынан кем дегенде 14% болуы керек, балықты тұзда кем дегенде 2 апта ұстау керек. Қатты мұздату описторхоздың қоздырғыштарын жоя алады.

— Балық ауруды жұқтырған жағдайда оны бөлшектеу кезінде ақшыл түсті кішкентай, көлемі миллиметрге дейін жететін шарларды көруге болады. Егер шарды инемен алып, жылы суға салсаңыз, онда ол ұзындығы бір жарым сантиметрге дейін жететін құртқа айналады. Дәл осындай балықтан адамға ауру жұғады, — дейді мамандар.

Бұған дейін СҚО-да үй құстарының неден қырылғанын жазған едік.