Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Асқат Жұмағали өңірдегі жағдайды баяндады. Оның айтуынша, төрт айдың ішінде 72 қылмыс тіркеліп, жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін 35 адам анықталды.
Сыбайлас жемқорлық фактілері түрлі салаларда анықталған. Соның ішінде сумен қамту да бар. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында СҚО-да соңғы үш жылда сумен қамтамасыз етудің 39 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бөлінген 7 млрд теңгенің жартысына жуығы игерілді.
Соңғы 5 жылда осы салада 13 заңбұзушылық анықталған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР АШМ Су ресурстары комитеті облыстық филиалының басшысын ұстады. Филиалдың негізгі міндеті - суаруға арналған және таза ауызсумен қамту. Балансында 3 гидроторап бар. Өңірде 649 елді мекен болса, соның 60% таза сумен қамтылған. Ал гидроқондырғылар тұтынушыларға жылына 400 млн текше метр су бере алады. Іс жүзінде - 10%. Еңбек еткен жылдары филиал басшысы өңірді сумен қамтуды жақсартуға қатысты бірде-бір ұсыныс білдірмеген», - деді Асқат Жұмағали.
Департамент басшысының айтуынша, филиал басшысы өзінің тікелей міндетін орындаудың орнына, қарамағындағы қызметкерлерден ақша алып келген, жалған іссапарлар мен мемлекеттік сатып алулар арқылы бюджет қаржысын жымқырған. Күдікті алған ақшаларын долларға айырбастап отырған. Ол қамауға алынып, ісін жақында сотқа жолдау жоспарланған.
Орман шаруашылығы саласында да сыбайлас жемқорлыққа жол берілген. А.Жұмағалидің айтуынша, табиғат байлығы оңды-солды заңсыз сатылған.
«Шенеуніктер кәсіпкерлерге ағаш кесуге пара бермейінше орын бөлмеген. Бұл туралы телефон арқылы сөйлескен сөздері бар. Облыстың орман шаруашылықтарының бірінің басшысы ұсталды. Ол орманшылар мен өзінің орынбасары арқылы пара алып келген. Күдікті жұмысшыларына параны қалай алу керектігін түсіндірген. Ол бірнеше рет және үлкен көлемде пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Пара берген адам жазасын өтеп жатыр», - деді ол.
Ұлттық бюро департаменті басшысының айтуынша, бір ай өтер-өтпес көрші орман шаруашылығының жетекшісі ұсталды. Оған да ағашты кесуге рұқсат бергені үшін орманшы арқылы пара алып келді деген айып тағылды. Осы оқиғаға қатыстылардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Тергеу әлі аяқталған жоқ.
«Осы мәселеден кейін біз орман шаруашылығындағы жағдайды анықтау үшін кешенді тексеріс өткіземіз. Бірнеше бұзушылықтар анықталды. Нәтижесімен кейін таныстырамыз. Болашақта орталықтан мамандарды тарту арқылы өңірдегі барлық орман шаруашылықтарын тексеруді жоспарлап отырмыз», - деді А.Жұмағали.
Ауыл шаруашылығы саласында соңғы 5 жылда - ұрлық, пара алу және лауазымын асыра пайдалану бойынша 24 қылмыс тіркелген. Мемлекетке келген шығын көлемі - 500 млн теңге көлемінде. Оның 75% қайтарылды.