СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, мемлекеттік орман қоры аумағындағы 2026 жылғы өрт қаупі маусымы ресми түрде аяқталды. Маусым барысында орман өртінің алдын алу үшін 1,5 мың рейд жүргізіліп, тәртіп бұзғандарға жалпы сомасы 1,4 млн теңге айыппұл салынып, қаражат толық өндірілді.
Қазір СҚО-ның орман шаруашылықтары штаттық жұмыс режиміне көшті.
Қазір СҚО-да мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 550 мың гектардан асады. Оның 416,4 мың гектары орманды алқаптар. Оларды күзету, қорғау және ағашпен молықтыру жұмыстары 12 орман шаруашылығына жүктелген.
- Биыл орман өртінің алдын алуға ерекше назар аударылды. Өрт қаупі кезеңінде орман алқаптарын патрульдеу күшейтіліп, әсіресе облыстың шекара маңындағы аумақтары, саяжайлар мен тұрғындар көп демалатын орындар бақылауға алынды. Рейдтер барысында өрт қауіпсіздігі және санитарлық талаптарды бұзудың 76 дерегі тіркелді. Оның 37-сі ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне қатысты, - дейді басқарманың маманы Сәуле Сүлейменова.
Маманның айтуынша, өрттің орман алқаптарына таралуына жол бермеу үшін 8 мың шақырымнан асатын минералданған жолақтар жасалды. Орман күзетінде заманауи технологиялар да қолданылды. Бекітілген бағыттар бойынша патрульдеу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылды. Орман өрт сөндіру станциялары жанындағы жылжымалы бақылау бекеттері өрт ошақтарына адам күші мен арнайы техниканы жедел жіберуді үйлестіреді.
Десек те, биыл да СҚО аумағында орман өрттері тіркелді.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт қауіпті кезеңде жалпы аумағы 89,6 га болатын 41 табиғи өрт пен тұтану деректері тіркелді.
Бұған дейін СҚО-да жылыту маусымы басталғалы бері 30-ға жуық өрт шыққанын жазған едік.