СҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған ауыл әкімдігі айыппұл төледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында табиғи аумақтарда өрт шығу жағдайлары жиілеп отыр.

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл орман шаруашылықтары аумағында жеті орман өрті шықты. Былтыр бұл уақытта мұндай факті тіркелмеген. 

— Өрттің шығуына біреулердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы және орман алқаптарының айналасында минералданған жолақтар — жыртылған қорғаныс белдеулерінің жоқтығы себеп болған. Сонымен қатар құрғақ шөп пен қамыстың жануының 172 дерегі тіркеліп, 77 гектар аумақты от шарпыды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ, — дейді департамент бастығы Жомарт Асқаров.

Осыған орай бақылау күшейтілді. Қазір облыста 359 адамнан тұратын 55 мобильді топ құрылған, бүгінге дейін 143 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 93 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 7 адамға 700 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге көп.

— Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жануы да өзекті мәселе болып отыр. Соңғы үш жылда осындай 37 өрт тіркелді. Кейбір қоқыс орындары жаз бойы тоқтаусыз жанып, экологияға зиян келтіріп жатыр. Мұндай өртті сөндіруге кейде екі аптаға жуық уақыт кетеді. Биылдың өзінде 4 жағдай тіркелді. Мысалы, Кладбинка ауылы маңында қоқыс өртеніп, жалын құрғақ шөпке тараған. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін ауыл әкімдігіне 432 500 теңге айыппұл салынды, — дейді Жомарт Асқаров.

СҚО-да өрт қауіпсіздігіне қатысты тағы бір мәселе — өрт гидранттарының істен шығуы.

— Өңірде 5 мыңға жуық өрт гидрантының 648-і немесе 13% жарамсыз күйде. Сонымен қатар су алу орындары жеткіліксіз: облыста тек 1 пирс және 45 арнайы алаң бар, ал Ақжар, Аққайың, Есіл, М. Жұмабаев, Мамлют, Ғ. Мүсірепов атындағы, Шал ақын және Тайынша аудандарында су алу алаңдары мен пирстер мүлдем жоқ, — дейді департамент бастығы.

Бұған дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қаупі жоғары маусымның басталуына табиғатта және су жағасында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырғанын жазған едік.