Мария Симоноваға өрт кезінде көрсеткен батылдығы мен азаматтық борышын адал орындағаны үшін лайықты марапат - «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі салтанатты түрде табыс етілді. Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жаңа жылдың алғашқы күні кешке Мария Симонова Жұмысшы кентіндегі К.Цеткин көшесі, 90 «А» мекенжайындағы үйден өрт шыққанын байқап қалады. Қалың түтінді көрген ол бірден көмекке ұмтылады. Үйдің есігін ашқан қыз есікке жете алмай еңбектеген ер адамға шығуға көмектеседі. Кейін дереу өрт сөндірушілерді шақырған.
«Мен көре сала жүгірдім, ол кезде бірдеңені ойлауға да мұршам болмады. Ер адамды көтеріп шығаруға қалай күшімнің жеткеніне қазір таң қаламын. Қоршаудың жанына отырғызып, есін жиғыздым. Ол үйде тағы бір ер адамның барлығын айтты. Бірақ онда қайта кіру мүмкін емес еді. Бұл кезде өрт сөндірушілер де келіп үлгерді», - дейді Мария Симонова.
Құтқарылған 32 жастағы ер адамның қол мен басы шамалы күйік алған, ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Мария Симонова ата-анасымен бірге өрт болған үйге жақын жерде тұрады. Бойжеткен Петропавлдағы техникалық колледжінің 4 курс студенті, техник-механик мамандығына оқып жатыр.
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті