СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік полициясының қызметкерлері белгіленген мерзім аяқталар алдында ҚР Үкіметінің шетелдік есепте тұрған көлік құралдарын заңдастыруға қатысты шешімін түсіндіру үшін автокөлік жүргізушілерімен кездесті.
1 шілде күні Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру мерзімі аяқталады.
ҚР Үкіметі осындай автомобильдерді 5 жыл мерзімге уақытша есепке алуға рұқсат берді.
Осы аралықта көлік иесі заңдастыру шарттары бойынша мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс немесе көлікті елден шығаруы тиіс.
Бірақ, міндетті талап — 2023 жылғы 1 шілдеге дейін заңдастыруға өтінім беру.
«Жиналғандар күрделі мәселелерді көтерді, мәселен, егер басқа мемлекеттің аумағында көлік құралына шектеу қойылса, қалай әрекет ету керек деген сияқты. Қызметкерлер рәсімнен өту тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. Тағы да атап өтеміз: ең бастысы — 1 шілдеге дейін өтініш беруге үлгеру қажет. Заңдастыруға қатысты барлық мәселе бойынша процессинг орталығының қызметкерлерінен 8 (7152) 32-00-22, 32-00-19 телефондары бойынша немесе Петропавл қ., М.Әуезов көшесі, 157, 5 кабинеттен ақпарат алуға болады», — дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Полицейлердің айтуынша, бүгінгі таңда облыста 7495 шетелдік автокөлік заңдастырылған, оның ішінде 88-і – «конструктор», яғни олар елімізге қосалқы бөлшек түрінде әкелінген.