Ұлттық статистика бюросы СҚО департаментінің мәліметінше, өңірде бір адамға шаққандағы ай сайынғы ақшалай шығыс 94 мың теңгені құраған. Бұл - үшінші тоқсанның қорытындысы.
Бір жыл ішінде СҚО тұрғындарының шығыны 13 % өсті. Ал жалпы шығынның 90 % - тұтыну шығыны.
Материалдық көмек, алимент, несие мен қарызды өтеу, салық - ақшалай шығындардың 10 % ғана құрайды.
Отбасылық бюджеттің ең үлкен бөлігі, 44 % - азық-түлік шығындары. Тағы үштен бірі азық-түлік емес тауарларға және 13 % - қызмет ақысына кетеді.
Азық-түлік өнімдеріне жұмсалатын шығыстардың шамамен 30 % - ет және ет өнімдерін сатып алуға, 16,5 % - нан және жарма өнімдеріне кетеді.
Азық-түлік емес тауарлардың шамамен 22 % киім мен аяқ киім сатып алуға жұмсалады. Қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары бұл үшін бірдей қаражат жұмсайды екен.
Ақылы қызметтерде қаражаттың үштен бірі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп-ұстауға, 35 % астамы көлік және байланыс қызметтеріне, ал 5 % сәл астамы білім алуға жұмсалады.
Мәдени іс-шараларға және бос уақытты ұйымдастыруға кететін шығындар аз. Қала тұрғындары ақылы қызметтерге ауыл тұрғындарына қарағанда екі есе көп ақша жұмсайды.