СҚО-да өте сирек кездесетін аурумен туған шақалаққа ота жасалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасында даму ауытқуы, яғни сирек кездесетін омфалоцеле ауруымен туған шақалаққа ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сәби бірер күн бұрын ғана дүниеге келген.

Шақалақ өте сирек кездесетін және ауыр дерт – омфалоцеле диагнозымен туды.

Яғни баланың ішектері, басқа құрсақ мүшелері қарын тұсынан сыртқа шығып тұрған.

Әдетте омфалоцеле бар нәрестелерде ішек тек жұқа ұлпа қабатымен жабылған және оны оңай көруге болады. Сондай-ақ баланың ұйқы безі аш ішекті басып тұрған.

«Бұл өте сирек кездесетін даму ауытқушылығы. Әйелдің құрсағындағы балада осындай дерт анықталған жағдайда жүктілік мерзіміне жетпей тоқтатылады немесе мұндай балаларды арнайы ғылыми орталықтарда тудырады. Бірақ, өкінішке орай сәби облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келді. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап, шақалақты аман-есен қабылдап алды. Баланы бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, жансақтау және қарқынды терапия көрсетілді», - дейді мамандар.

Сирек кездесетін диагноз қойылған сәбиге ауыр ота жасау қажет болды.

Жергілікті дәрігерлердің қолынан келгенімен, мұндай ауытқушылығы бар сәбилер өмірге анда-санда бір келеді.

Сол себепті Нұр-Сұлтан қаласынан профессор, ҚР бас неонаталды хирургі Асылжан Ерекешовты шақыруға шешім қабылданды.

Санитарлық авиациямен жеткізілген білікті маман балаға сағат 14.05-тен 15.30-ға дейін күрделі отаны жасады. Операция сәтті өтті.

Шақалақ тірі, бірақ жағдайы өте ауыр. Мамандардың айтуынша, дерттің ауырлығына қатысты болжам жасауға әлі ерте.

Қазіргі уақытта балаға барлық тиісті ем-дом көрсетіліп жатыр.