СҚО-да өздігінен екпе жасаған тұрғынның жағдайы нашарлап, ауруханаға түсті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда үйінде екпе алып, инъекция орны жараға айналған тұрғын дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың мәліметінше, емдеу мекемесіне жамбасы іскен және өзін жайсыз сезінген әйел түсті. Жарты жыл бұрын ол үйінде екпе қойғызған, кейін орны томпиған. Тұрғын оған мән бермей, ауырмаған соң жүре берген. Ал бір апта бұрын екпе орнында ауырсынуы күшейіп, терісі қызарған. Әйелде әлсіздік пайда болған.
- Сырқат басында өзі үйде емделген – жақпамай жаққан, қыздырған, нәтижесі болмаған. Ауруханада қарап-тексерген кезде жамбасында флегмона анықталды. Хирургтар оны кесіп, жуып, дренаж қойды – шамамен 30 мл ірің шықты, - дейді мамандар.
Дәрігерлердің айтуынша, үйде инъекция жасау, бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін, бірақ бұл қауіпті. Өйткені стерильділік бұзылады, салдарынан инфекция кіреді. Екпе қойылатын емес, басқа жерге қойып, нервке зақым келтірілуі мүмкін.
Инфекция ұзақ уақыт сыр бермей, кейін адамға осы жағдайдағы сияқты зиянын тигізеді. Сондықтан екпені тек медицина қызметкері жасағаны дұрыс.
Дәрігерлер ауырсынып және томпиып тұрған жерге екпе жасатпауға, қызарып, ауырсыну күшейген немесе дене қызуы көтерілген жағдайда бірден дәрігерге көрінуге кеңес береді. Сондай-ақ кез келген дәрі-дәрмекті тек дәрігердің нұсқауы бойынша ғана қабылдаған жөн.
Бұған дейін елде курьерлерге тұмауға қарсы вакцинаны тегін салдыру мәселесі пысықталып жатқанын жазған едік.