СҚО-да пара алған экс-шенеунікке 20 млн теңге айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында пара алған шенеунікке қатысты сот үкімі шықты.
Есіл аудандық сотының мәліметінше, лауазымды тұлға жеке кәсіпкерден 400 мың теңге пара алған.
Тергеу барысында анықталғандай, А. 2024 жылдың қарашасынан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейін Есіл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымында жүріп, жеке кәсіпкер К.-ден аудандық маңызы бар жолдарды жазғы күтіп-ұстау жұмыстарын орындау актісіне қол қойғаны үшін сыйақы талап еткен. Алынған қаражатты ол қолма-қол ақшаға айналдырып, жеке қажетіне жұмсаған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Мемлекеттік айыптаушы оның әрекетіне байланысты нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда, сот А.-ның бұрын сотталмағанын, жасаған ісіне өкініш білдіруін және оң мінездемелерін ескере отырып, мұны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады. Сонымен қатар сот айыпталушының мемлекеттік қызметкер ретінде ант пен кәсіби міндетін бұзғанын ауырлататын жайт ретінде қарады.
Сот үкімімен А. кінәлі деп танылып, оған 20 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған 400 мың теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұған дейін СҚО-да 7 қауіпті туристік нысан тіркелгенін жазған едік.