СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңажылдық мереке қарсаңында полицейлер мен құтқарушылар жазатайым оқиғалардың және өрттің алдын алу бойынша жұмысты жандандырды. Облыстың тәртіп сақшылары рейдке 15 желтоқсаннан кіріскен. Мақсаты – пиротехникалық заттарды заңсыз сату фактілерін анықтау және олардың сатылуына жол бермеу. Сертификатталмаған пиротехникалар сататын орындарға рейдтер жүргізетін мобильдік топтар құрылды.
Петропавлда сертификатталған өнім екі сауда орнында Сүтішев және Жұмабаев көшелеріндегі сауда үйлерінің маңындағы павильондарда сатылады. Пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатуы мүмкін басқа орындарды рейдік топтар тексереді.
«Ата-аналардан кәмелетке толмаған балаларды қадағалап, жасөспірімдердің пиротехникалық өнімдерді өздігінен пайдалану фактілеріне жол бермеулерін сұраймыз. Мұндай өнімдерді тек ересектерге ғана нұсқаулықтар мен барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отыра, пайдалануға болады», - дейді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы қаңтардың ортасына дейін жалғасады.