СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 наурыз күні Түркістан облысының екі тұрғыны Еркебұлан Дүйсенбай мен Мақсат Рүстенов «Lada Priora» автокөлігімен Омбы қаласынан елге жолға шығады. Электронды картаға сенген олар Ғабит Мүсірепов ауданы аумағында «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 593 шақырымында жолда қалады. Интернет-сервис қолданыста басқа жолдың барлығын көрсетпеген. Салдарынан жеңіл көлік тізеден келетін оппа қарға батып, жігіттерге «112» каналына хабарласудан басқа амал қалмапты.
Оқиға орнына патрульді полиция батальонының қызметкерлері Жанблат Нұғыманов пен Дидар Дүйселеков аттанады. Қастарына Ломоносов ауылдық округінің учаскелік инспекторы Азамат Сыздықовты алады. Бір жарым сағат жүргеннен кейін тәртіп сақшылары екі облыстың шекарасына таман жаққан отты көреді.
«Патрульдік автокөлік «Ладаны» сүйреп шығара алмады. Біздің қызметкерлер «Дружба» ЖШС көмек сұрады. Шаруашылықтан жеткен «УАЗ» жеңіл көлікті шығарамын деп өзі батып қалды. Серіктестіктің директоры Қабиден Үсенов «John Dir» тракторын беріп, техника екі көлікті тас жолға сүйреп шығарды. Облыстың шаруашылықтары қажет жағдайда көмектерін аямайды. Бұған дейін де олардың техникасымен жолда қалған талай жүргізушіге көмектестік», - дейді СҚО ПД ППБ командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин.
Бір тәулікке жуық жол тауқыметін тартқан Түркістан облысының тұрғындарын тәртіп сақшылары ертеңіне таң ата жол көрсетіп, шығарып салды.
Жексенбі күні полицейлердің көмегі Қостанай облысының тұрғыны Борис Абросимовке де қажет болды. Оның «Mercedes» жүк көлігі «Нұр-Сұлтан-Петропавл» тас жолының 341 шақырымында сынып қалған. Жолда тұрған машинаны көрген патрульді полицейлер Дмитрий Кравченко мен Асқат Камалиев тоқтап, жағдайын сұрайды. Мән-жайды білгеннен кейін жақын маңдағы автоқосалқы бөлшектер сататын дүкенге жеткізіп, көлігін жөндеуге көмектесті. Сапарын жалғастырған Қостанай облысының тұрғыны полицейлерге ризашылығын білдірді.