СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, уылдырық шашу кезеңінің басталуына байланысты 15 сәуір мен 20 маусым аралығында Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде және оның салаларында, Ақмола және СҚО аумағындағы барлық су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, Есіл өзені мен оның салаларында әр балықты аулауға қатысты басқа да шектеулердің барлығын естен шығармау қажет:
15 сәуір мен 15 мамыр аралығында – шортан, аққайран, көксеркені;
20 мамыр мен 20 маусым аралығында тұқы балығын;
1 тамыз бен 14 қыркүйек аралығында гаммарусты;
1 наурыз бен 15 маусым аралығында – artemia salina жұмыртқаларын;
1 маусым мен 15 шілде аралығында – өзен шаяндарын аулауға, жинауға тыйым салынған.
Осыған орай табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалау бойынша рейдтік іс-шаралар күшейтілмек. Мұнымен қатар, аңшылық ережелерінің сақталуы да тексеріледі.
Ал 22 сәуірден 6 мамырға дейін жабайы үйректердің аталығын аулауға аңшылық маусымы басталады.
«Аңшылар өздерімен бірге аңшы куәлігін және аңшылық шаруашылығының жолдамасын немесе жануарлар әлемін пайдалануға берілген рұқсат қағазын, атыс қаруын сақтауға және ұстауға рұқсат қағазын, сондай-ақ жыртқыш құстарды аулаған жағдайда – жыртқыш құстарды аулауға арналған паспортты алып жүруі қажет. Үйректердің аталығын аулау ұрғашы үйректің тұлыбын қою арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті естен шығармауды, заңның талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз», – дейді полицияның табиғатты қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қожабаев.
СҚО полицейлері жыл басынан аң аулаудың – 373, балық аулау ережелерін бұзудың 95 дерегін анықтады. Сонымен қатар заңсыз аңшылықтың 6 фактісі тіркелді. Балықты заңсыз аулау фактісі бойынша бір қылмыстық іс қозғалды.
20:00, 14 Сәуір 2023
СҚО-да полицейлер балық аулауға уақытша тыйым салынғанын ескертті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер балықшыларды 15 сәуірден бастап балық аулауға тыйым салынғанын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.