СҚО-да полицейлер екі аптада 18 мыңнан астам пәтерді аралады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторлары екі аптаның ішінде 18 мыңнан астам пәтерді аралап шықты. Өңірде «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қазаннан бастап өңірде «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Акцияның мақсаты - құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ азаматтармен тығыз және сенімді қарым-қатынас орнату. Учаскелік полиция инспекторлары іс-шара аясында өздеріне бекітілген аумақтағы үй-үйді аралап шығуы тиіс.

Петропавлда учаскелік инспекторлар Жұмысшы кентіндегі Островский көшесі, 149 мекенжайындағы көппәтерлі үйлердің ауласында кездесу өткізді.

Тәртіп сақшылары аула тұрғындарына қашықтықтан жасалатын алаяқтықтың алдын алу туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Тәжірибе көрсеткендей, желідегі алаяқтардың құрығына әдетте зейнеткерлер түседі. Полицейлер интернет-алаяқтардың жиі кездесетін сценарийлері мен механизмдері туралы айтып, жадынамалар таратты.

Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарынан іс-шараның өтуіне түсіністікпен қарауды сұрады және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне барынша жәрдем көрсетуге шақырады. Күдік туғызатын адамдар туралы «102» нөміріне хабарлау қажет.

1 қазаннан бастап облыс бойынша тәртіп сақшылары осындай кездесулермен көпқабатты үйлердің 18 мыңнан астам пәтері және 25 мыңнан астам жеке үйін қамтыды. Тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында әр түрлі есепте тұрған 972 адам, сондай-ақ 129 қолайсыз отбасы тексерілді. Тұрғылықты мекенжайы жоқ 24 адам ұсталды. Жалдамалы 1120 пәтер тексерілді, онда тіркеусіз жалдауға тұрғын үй берудің 58 фактісі анықталды, олар бойынша ұсыныстар салық органдарына жіберілді. Атыс қаруының 2092 иесі тексерілді, нәтижесінде қаруды сақтау ережелерін бұзудың 6 дерегі анықталды.