СҚО-да полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мерекеге орай полиция қызметтің күшейтілген түріне көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мереке түні қоғамдық тәртіпті полицияның 410 қызметкері қамтамасыз етеді. Бұқаралық іс-шаралар өткізілмегенімен, Петропавлда жасақтар саны ұлғайтылып, тәртіп сақшылары адамдар көп жиналуы мүмкін орындарға жіберіледі. Облыс тұрғындары сүйікті мерекелерін тыныш қарсы алуы үшін полиция жеке құрамының 30 % жұмыс орындарында болады. Өңір бойынша жедел кезекші жетекшілік ететін кезекші ауысым қаңтардың 1-і сағат 08.00-ге дейін өңірдегі құқықтық тәртіптің жағдайы туралы ақпарат жинайды, бөліністердің іс-қимылдарын үйлестіреді. Бұл ең тәжірибелі қызметкерге сеніп тапсыратын барынша жауапты қызмет.

Полиция подполковнигі Нұрлан Құсайынов 2022 жылды жұмыс орнында қарсы алады. Оның жедел кезекшілікке түсіп жүргеніне біраз жыл, алайда жаңа жылдық түнде кезекшілікке алғаш түсіп оотыр.

«Тәжірибе көрсеткендей, СҚО-да Жаңа жылды мерекелеу тыныш өтеді. Шақыртулар саны, әдетте, қаңтардың алғашқы күндері артады. Дегенмен, мереке күні кезекшілікке түсу – үлкен жауапкершілік», - дейді тәртіп сақшысы.

Кезекші ауысымды СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев жеке өзі құттықтады. Петропавл қалалық ПБ Жедел басқару орталығы залында барлық кезекші қызметкерлерді, полиция ведомствосының жеке құрамын, облыс тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.

«Полицияның басты міндеті – азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау. Жерлестеріміздің тыныштықтары мен қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін осы мереке күндері біз қызметтің күшейтілген түрінде қызмет атқарамыз», - дейді Марат Төлебаев.