СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үстел теннисінен жарысқа ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Отставкадағы офицерлер дене шымырлығын, жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар естелік сыйлықтар алды.
СҚО Полиция департаменті және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов СҚО полиция департаментіне Наурыз мейрамы қарсаңында осындай спорттык іс-шараның ұйымдастырылғанына алғысын білдірді, сондай-ақ сайыс ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, сергуге мүмкіндік бергені туралы атап өтті.
«Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны бойынша жарыстар да қызықты өтті. Сайысқа облыстық және қалалық полиция бөліністерінің 40-тан астам қызметкері қатысты. Балалық шақтан таныс бұл үстел ойыны логиканы, тапқырлықты, жүйрік ойлауды және шыдамдылықты дамытады. Нәтижесінде, «тоғызқұмалақ» сайысы бойынша жүлделі үшінші орынды ювеналдық полиция бөлімшесінің инспекторы Сабина Әбдірахманова иеленді. Екінші орынды қабылдап-тарату орнының бастығы Адай Смайыл алса, бірінші орынды жедел басқару орталығының операторы Ұлпан Даньярова еншіледі.
Ұлттық ойындар бойынша турнир де полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасымен және «Динамо» ДШСҚ өкілдерімен бірлесе ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «арқан тарту» бойынша жолдастық кездесу әсерлі өтті.