СҚО-да полиция автопаркі жаңа көліктермен толықты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полиция бөліністеріне 11 жаңа қызметтік автокөлік тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметтік көліктер кезекші бөлімдер мен уақытша қамауда ұстау изоляторының жұмысына арналған. Басым бөлігі аудандық полиция бөлімдеріне жіберіледі.

«Бүгінгі іс-шара Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ҚР ІІМ кеңейтілген алқа отырысының шешімін іске асырудың бірден-бір жолы. Автопаркті жаңа көліктермен толықтыру нәтижесінде шақыртуларға уақтылы шығуға мүмкіндік бар. Бұл әсіресе қазіргі уақытта, коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша карантиндік шараларды күшейту кезінде аса маңызды», - деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

«ГАЗ 2705» автокөлігінің төртеуі айдауылдау қызметі взводына берілді. Сондай-ақ, Петропавл қалалық ПБ мен Тайынша ауданының ПБ уақытша қамауда ұстау изоляторларының қызметкерлері алды. Арнайы жабдықталған автокөліктер қылмыс жасауда күдікті және айыпты адамдарды тасымалдауға арналған. 5 ауданның полиция бөлімдері кезекші бөлімдердің жұмысына арналған автомашинамен жаңартылды. Жаңа «УАЗ 3909» көлігі ең алыс елдімекендер: Айыртау, Уәлиханов, Мамлют пен Шал ақын, Ғ. Мүсірепов аудандарына жөнелтіледі.

«Биыл облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен ведомство автопаркі 40 астам автокөлікпен толықты. Бұл Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыру аясында мүмкін болды», - дейді департамент басшысы.