СҚО-да полицейлер жолдардағы адам өлімінің негізгі себептерін атады

Фото: СҚО ПД

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 362 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 103-інде жүргіншілер зардап шеккен.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жол-көлік оқиғаларында 28 адам мерт болды, соның алтауы — жүргінші.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды жолды тек белгіленген жерден ғана кесіп өту қажет екенін еске салады. Міндетті түрде жүргізушінің сізді көріп, өткізіп тұрғанына көз жеткізу керек. Жолды кесіп өткенде капюшон киіп, құлаққап тағудың өте қауіпті екендігін ескертеді.

Жолдардағы апатты азайту мақсатында полицейлер 15-30 қыркүйек аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Патрульдік полицияның нарядтары күшейтіліп, автоматты бейнетіркеу құралдары, соның ішінде жасырын патрульдеу белсенді қолданылған.

Фото: СҚО ПД

Іс-шараның алғашқы күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 249 дерегі анықталды. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпаудың 48 дерегі тіркелді. 12 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген, 8 жүргізуші маневр жасау ережесін бұзған. Жол-көлік оқиғаларына жасалған талдау бойынша, бұл — жолдағы адам өлімінің негізгі себептерінің бірі. Жыл басынан бері маневр жасау ережесін бұзу 11 адамның өмірін қиды.

Республикалық маңызы бар трассалардағы қозғалыс ерекше назарға алынған. Өңірдегі өліммен аяқталған жол апаттарының жартысынан астамы дәл осы жолдарда тіркелген. Полицейлер тек ереже бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылдамдықты асырмау, шаршаған күйде көлік жүргізбеу қажеттігін ескертіп жатыр.

Бұған дейін СҚО-да үш күнде 18 мас жүргізуші ұсталғанын жазған едік.