СҚО-да Прибрежное елді мекеніне кіретін жол жабылды

Фото: Фото: Қайрат Қабдусов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Прибрежное елді мекенімен жол қатынасы үзілді.

Қызылжар ауданы Прибрежное елді мекенінде 1,5 мың адам тұрады. Есіл өзені тасығандықтан, жан-жақтан су қаумалап, ауыл аралда қалған. Оған апарар жолды су басқандықтан, қазір тұрғындар құтқарушылардың «вахтовик» көлігімен ғана қатынап жатыр. Әзірге үйлерді су басу қаупі жоқ.

Фото: Қайрат Қабдусов

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бүгінде екі автомобиль жолын — біреуі республикалық, екіншісі облыстық маңыздағы трассаны су басты. Бұл жолдармен өтуге көліктің барлық түріне шектеу қойылған. Олар — «Челябі — Новосібір» халықаралық тасжолында жатқан Петропавл қаласын айналып өту жолы. Құтқарушылардың айтуынша, Есіл өзенінің тасуынан жолдағы жайылған судың ұзындығы 235 м, тереңдігі 160 см-ге жетті. Учаске сигналдық бағандармен белгіленген, ескерту жол белгілері орнатылған, мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр.

Фото: Қайрат Қабдусов

Екіншісі — Прибрежное елді мекеніне апарар жол. «Петропавл — Вороний остров» облыстық маңызы бар жолдың су басқан учаскесінің ұзындығы 600 метр, тереңдігі 55-60 см-ге дейін. Мұнда да құтқарушылар мен тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Елді мекенді су басу қаупі жоқ.

Фото: Қайрат Қабдусов

— Үйлерді су басу, судың жолдарды бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жалпы су тасқыны басталғалы автомобиль жолы арқылы су өтуінің 28 дерегі тіркелді. 
Биыл елді мекендерден 1,4 млн текше метр қар шығарылды. Арнайы техникамен 974 мың текше метр су сорылды. 200 мыңнан астам құм салынған қап әзірленді, 385 тонна инертті материал су жолына төселді, — дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.

Бұған дейін Петропавл маңындағы саяжай учаскелерін су басқанын жазған едік.