СҚО-да прокуратураның мобильді тобына былтыр кәсіпкерлерден 79 қоңырау түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының кәсіпкерлер құқығын қорғау мобильді тобына былтыр 79 қоңырау түссе, соның 33-інде кәсіпкер құқығының бұзылғаны расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау – прокуратура органдары жұмысының негізгі басымдығы» атты брифинг өтті.

СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Тимур Құртаевтың айтуынша, прокуратура органдары кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнес субъектілерінің қатысуымен тұрақты негізде қоғамдық кеңестер өткізеді. Мақсат - проблемалық мәселелерді талқылап, қолданыстағы заңнамалар бойынша түсініктеме беру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топ телефондарына келіп түскен өтініш-арыздарды қарау. Осылайша былтыр 12 қоғамдық кеңес өткізіліп, 16 проблемалық мәселе қаралды, олардың барлығы шешілді.

«Облыс прокуратурасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша мобильді топ тәулік бойы жұмыс істейді, олар өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара әрекет етеді. Мобильді топтың телефондары облыс прокуратурасының, жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған. Былтыр кәсіпкерлер құқықтарының бұзылғандығы туралы 79 сигнал келіп түсті, оның ішінде тексеру нәтижелері бойынша 33-і расталды, 32-сі жалған болып шықты, 14 сигнал бойынша түсініктемелер берілді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында 24 қадағалау актісі енгізілді, 15 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, 6 заңсыз тексерудің күші жойылды, жоспарланған 7 тексеру заңды емес деп танылды», - дейді Тимур Құртаев.

Осылайша 3,5 мыңнан астам бизнес субъектісінің құқығы қорғалды.

«Жергілікті атқарушы биліктің 4 кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс заңсыз өткізбек болған тексерулері тоқтатылды. Сондай-ақ бизнес субъектісінің құрылысын заңсыз тоқтатқаны белгілі болды, прокурорлардың араласуынан кейін ол жұмысын жалғастырды. Биыл мобильді топқа жыл басынан бері кәсіпкерлерден 11 қоңырау түсті. Оның 3-еуі расталды, 4-еуі расталмады, қалғаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 қадағалау актісі енгізіліп, 2 тұлға жауапқа тартылды», - дейді прокурор.