СҚО-да рақымшылыққа іліккендердің алғашқы тоғызы бостандыққа шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемесінен тоғыз адам рақымшылықпен мерзімінен бұрын босады.
Биыл 23 маусымда Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды. Соның аясында еліміздің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандардың кейбірін мерзімінен бұрын босату басталды.
Алғашқы болып амнистияға іліккендердің бір тобы — СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 51 мекемесінен 9 адам бостандыққа шықты.
СҚО ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыстағы түзету мекемелерінде 1700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Солардың шамамен 250-і жаңа заңға сәйкес жақында туған-туыстарымен қауышпақ.
Бұл жолы босатылғандардың басым бөлігі ұрлық бабы бойынша сотталған ер адамдар. Олардың ең үлкені — 49 жаста. Ал қалған ең ұзақ жаза мерзімі А. деген сотталғанда 8 айға қысқарды.
Заңға сәйкес босатылғандарға бейімделуге жәрдем көрсетілмек, пробация қызметтері мен жұмыспен қамту орталықтары арқылы қолдау шаралары қарастырылған.
Бұған дейін рақымшылыққа қылмыстық жазасының соңғы жылы қалғандар босатылатыны туралы жазған едік.