СҚО-да референдумда 4 мыңнан астам адам алғаш рет дауыс береді

Фото: аумақтық референдум комиссиясы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы референдумды өткізуге дайын. Дауыс берушілерге науқан жайында ескерту sms хабарландырулары жіберілді. 

СҚО аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, барлығы 364 767 азамат тізімге енгізілген, оның ішінде 4145 — алғаш рет дауыс беретін азаматтар.

Петропавл қаласында 157 493 дауыс беруші азамат тіркелген.

— Облыста екі мыңға жуық мүгедектігі бар адам референдумда дауыс береді. Олар денсаулығына байланысты референдум учаскесіне келе алмаса, үйлерінде өз таңдауын жасауға мүмкіндік жасалады.

Сондай-ақ, 15 наурыз күні бекітілген учаскеде дауыс бере алмайтын азаматтардың есіне салғымыз келеді. Олар 14 наурыз сағат 18.00-ге дейін өз учаскесіне барып, басқа жерде дауыс беру құқығын беретін куәлікті алып кетуі қажет.

Ескеретін бір жайт, бұл мүмкіндікті басқа қалаға, елді мекенге жол жүретіндер ғана қолдана алады, — дейді СҚО аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.

Референдум күні жалпы өңір бойынша 596 референдум комиссиясы жұмыс істесе, оның 15-і — аумақтық, ал 581-і — учаскелік референдум комиссиялары болмақ.

Комиссиялардың 3382 мүшесі, оның ішінде: аумақтық комиссияларда — 105, учаскелік комиссияларда — 3277 адам жұмыс істейді.