Атом электр станциясын салуға қатысты референдумның өтуіне санаулы күн қалды. СҚО референдум комиссиясының мәліметінше, 15 қыркүйек күні өңірде учаскелер ашылды, олар науқанды өткізуге дайын. Облыс бойынша референдум учаскелерінің саны - 591, соның ішінде 97-сі Петропавлда орналасқан. Сондай-ақ уақытша болу орындарында 13 учаске ашылған.
Референдумда 606 комиссия жұмыс істемек. Оның 15-і аумақтық, қалғаны учаскелік комиссиялар. Аумақтық комиссиялардың 105, ал учаскелік комиссиялардың 3325 мүшесі бар.
«Референдум 6 қазан күні таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Дауыс берушілер «иә, келісемін» немесе «жоқ, келіспеймін» деген екі нұсқаның біреуін таңдайды. Келе алмайтындарға үйлеріне жәшік апарылады. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың құқығы бұзылмауын да ескереміз», - дейді СҚО референдум комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.
Бұған дейін 2025 жылдан бастап облыс орталықтарының әкімдері сайланатынын жазған едік.