СҚО-да Ресейден әкелінген тақтайдан қауіпті карантиндік зиянкес табылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында құрылысқа әкелінген ағаш материалдарынан қара сүген қоңызының дернәсілдері табылды. Нәтижесінде Ресейден әкелінген 30 текше метр қарағай пиломатериалдары толық жойылды.

Фото: Орал Әміренов

Осы дерек бойынша өнімді елге кіргізген кәсіпкерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Сот шешімімен оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 130 мың теңге шамасында айыппұл салынды. 

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының бас маманы Гүлнар Әубәкірованың айтуынша, фитосанитарлық карантиндік бақылау қауіпті зиянкестердің ел аумағына енуі мен таралуының алдын алуға бағытталған. Сондықтан карантинге жататын өнімдерді әкелу кезінде фитосанитарлық талаптарды сақтау міндетті. Бұл еліміздің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото: Орал Әміренов

Мамандардың айтуынша, бұл биылдыққа тіркелген алғашқы осындай жағдай. Өткен жылы өңірде карантиндік нысандардың бес дерегі анықталған. Олардың басым бөлігінде де зиянкестер шетелден әкелінген тақтайлардан табылған.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, қара сүген қоңызы ағашқа зиян келтіретін аса қауіпті техникалық зиянкестердің бірі. Бұл жәндіктердің 1,5 мың түрі кездеседі. Олар ағаштың қабығын, сүрегін зақымдайды. Әсіресе дернәсілдері ағаш ішінде дамып, орман және ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіреді.

Фото: Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті

Бұл жәндіктер ағашты бүлдіріп қана қоймай, орманға аса қауіпті паразит — қарағай діңгек нематодасын таратады. Сондай-ақ олар ағаштың көгеру ауруын тудыратын саңырауқұлақ спораларын да тасымалдайды. Сондықтан орман аумақтарын тазалау, ағаш қалдықтарын дер кезінде жою және сүректі ұзақ уақыт қабығымен сақтамау секілді алдын алу шараларын сақтау маңызды.

Бұған дейін елге заңсыз әкелінген карантиндік өнімдердің жолы кесілгенін жазған едік.