СҚО-да республикалық маңызы бар Жезқазған — Петропавл тас жолы жөнделіп жатыр

Фото: Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 215 шақырымға жуық республикалық жолдарды жаңарту жоспарланған. Оның ішінде «Жезқазған-Петропавл» тас жолы бар.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, қазір «Жезқазған-Петропавл» трассасында жұмыс үш ауданда: Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында жүріп жатыр.

— Жоба бойынша бұл жолға жаңадан асфальт төселеді. Тоғыз су өткізгіш құбырды жөндеу, төрт автопавильон орнату, жол белгілері мен тосқауыл қоршауларды монтаждау көзделген», — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО бойынша филиалында.

«Жезқазған-Петропавл» автожолының жалпы ұзындығы 954 шақырым. Оның ішінде 359 км СҚО аумағы арқылы өтеді. Мамандардың айтуынша, бұл жол 1980 жылдардан бері күрделі жөндеуді көрмеген, тек жеке учаскелерде ғана шұңғырларды жабу жұмысы жүргізілді. Жаңғырту жобасы былтыр басталып, 83 шақырым қалпына келтірілді.

Жалпы, өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8416 шақырым. Оның ішінде 1970 км республикалық желіге, 1983 км облыстық желіге, 4463 км аудандық желіге тиесілі.

СҚО — жолдардың ұзындығы бойынша республикада екінші орында. Соңғы жылдары оның сапасын жақсартуға баса назар аударылып келеді. Екі жыл ішінде облыста 1600 шақырымнан астам автожол қалпына келтірілді. Нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 84% дейін өсті. Республикалық желі бойынша бұл көрсеткіш — 87%.

Биыл жалпы 1,1 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 467 шақырым республикалық желі және 700 шақырым жергілікті жолдар мен көшелер, оның ішінде 35 елді мекенде 100 шақырым кентішілік жолдар. Бұл — 102 жоба, оның 35-і былтырдан қалған. Олардың қатарында Покровка — Петропавл, Қайранкөл — Благовещенка, Дәуіт — Кішкенекөл, Меңкесер — Раздольное, Горьковское — Восходское, Кішкенекөл — Қаратерек, Смирново — Қиялы, Покровка — Ильинка, Смирново — Токуши, Повозочное — Баян, Ялты — Шақпақ сияқты негізгі учаскелерді қайта жаңарту және жөндеу бар.

Бұған дейін 11 мамырдан бастап «Балқаш-Бурылбайтал» автожолы ақылы болатындығын жазған едік.