Мамлютка қаласынан «Жаңа Жол» автомобиль өткізу пунктіне дейінгі учаскені жаңғырту жобасы 2017 жылы басталды. Алайда мердігер компания жүктелген міндетті орындамай, сот процесі ұзаққа созылып кетті. 2023 жылы жаңа мердігер – «КазСтройТехник» ЖШС іске кірісіп, бір жыл ішінде жұмыс аяқталуы тиіс еді. Бірақ жол тағы да салынбай қалды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, 30 км учаскеде жұмыс атқарылады. Жоба құны – 17,3 млрд теңге. Қазіргі уақытта 13,9 млрд теңге игерілген. Осы жылға тағы 3,4 млрд теңге бөлінді.
- Биыл нысанды толық пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оның СҚО үшін стратегиялық маңызы бар, өйткені Ресеймен байланыстырады. 2022 жылы бірінші мердігермен келісімшартты бұзуға тура келді. Қазір жұмыс кестеге сай атқарылып жатыр, - дейді филиал директоры.
Жалпы биыл өңірдегі жол инфрақұрылымын жаңғыртуға 59 млрд теңге бөлінген, 424 шақырым жол жөндеумен қамтылмақ.
Бұған дейін СҚО-да жүк көлік жүргізушілерінің кейбірі айыппұл төлемеу үшін жалған нөмірмен жүретінін жазған едік.