Елімізде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының нақты жағдайын бағалау мақсатында аспаптық мониторинг жүргізіліп жатыр. Биыл республикалық желінің 78 %-ы немесе шамамен 19 мың шақырым жол қамтылмақ.
СҚО-да республикалық маңызы бар 2 мың шақырымға жуық жол бар. Биыл оның 1475,5 шақырымы диагностикадан өтті. Автожолдың 1221 шақырымында қазіргі жағдайы, ал 254 шақырымында кепілдендірілген жол учаскелері бағаланды.
«Алдымен зерттелетін нысандар жайында ақпарат жиналды. Мәселен автожол қашан салынды, қай жылдары жөнделді, жол-көлік оқиғалары, техникалық санаты сияқты мәлімет жиналды. Кейін мониторинг жүргізуде қолданылатын аспаптардың сәйкестігі, сертификаттары тексерілді. Диагностикалауға жұмысты тез және тиімді жүргізу мақсатында заманауи цифрлық құрылғылар қолданылды. Маусым айында алқаптық жұмыстар басталды. Жол қозғалысының қарқындылығы мен көлік ағыны алынып, панорамалық бейнетүсірілім және жол кемшіліктерінің бейнежазбасы, жолдардың техникалық күйі және ақаулардың жиынтық тізімі жасалды. Геометриялық параметрлері мен трассаның жоспары да алынады», - дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының директоры Жолдыбай Тентеков.
Маманның айтуынша, Қазақстандағы жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін диагностикалау мен бақылау осыдан екі жыл бұрын қолға алынды. 2019 жылы Павлодар және Қарағанды облыстарында 2 мың шақырымнан астам жол талданды. Былтыр мамандар 16 мың шақырым жолды диагностикадан өткізді. Аспаптық диагностика республикалық автомобиль жолдарының нақты жағдайын және қауіпсіздік рейтингін шығаруға көмектеспек.