СҚО-да рұқсат етілмеген орындарда суға шомылғандарға айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында арнайы жарақтандырылмаған орындарда суға шомылғандар анықталып айыппұл салынып жатыр. Өйткені маусым айынан бері өңірде алты адамның мәйіті судан табылған.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ризабек Темірбековтың айтунша, қазіргі уақытта өңірде халықтың суға шомылып, демалуына арналған 60 орын бар. Ол 13 көл мен Есіл өзенінің бойында орналасқан.
«Бұл орындарда адамдардың қауіпсіздігі үшін бар жағдай жасалған. Ол жерлер алдын ала тексеріліп, су айдындарының түбі тазартылған. Сондай-ақ кезекшілік атқаратын құтқарушылар бар, дер кезінде медициналық көмек те көрсетіледі», - дейді Ризабек Темірбеков.
Алайда, қауіпсіздікті кейінгі орынға қоятындар әлі де бар. Рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылған 18 адамға биыл айыппұл салынған.
«Айыппұлдың мөлшері - 25 мың теңге шамасында. Мақсатымыз жазалау емес, арты қайғыға апарар оқиғаның алдын алу. Сол себепті күнделікті рейдтер өткізіп, түрлі брошюралар таратып, халықпен кездесіп, арнайы жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Десек те, суға кеткендер бар, ресми екі адам. Қалғандарының суға батқанын көрген куәгерлер жоқ. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз», - дейді басқарма маманы.
Былтыр СҚО-да бес адам суға кеткен.
Естеріңізге салайық, Қызылжар ауданы Бескөл ауылының маңында екі жасөспірімнің мәйіті Есіл өзенінің арнасынан табылғанын жазған едік.