СҚО-да салынып жатқан кей жолдар стандартқа сай болмай шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жол құрылысының сапасына бақылау күшейтілді. Инспекциялық тексеріс кезінде бірқатар заң бұзушылықтар мен олқылықтар анықталды.
СҚО-да жол құрылысы маусымының қызған шағы. Осыған орай «Жол активтерінің сапасы ұлттықорталығы» РМК өңірлік филиалы жол құрылысы мен пайдаланылатын материалдардың сапасына бақылауды күшейтті.
Жыл басынан бері мамандар салынып жатқан автомобиль жолдарына, қайта жаңарту және күрделі жөндеу нысандарына 146 инспекциялық тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 123 ақау мен заң бұзу анықталды. Оның ішінде 18-і жойылса, қалған 105-і түзету сатысында.
Техникалық қадағалау аясында жол-құрылыс материалының 645 сынамасы алынып, зертханалық сараптама жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша үлгінің 37% нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай келмеген.
— Ең жиі кездесетін сәйкессіздіктерге тоқталсам — материалдардың сумен қанығуы, тығыздалу коэффициенті, түйіршік құрамы және қысу беріктігінің шегі тиісті нормаға сай келмейді. Сараптаманы құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңдерінде жүргізу — кемшіліктерді уақытында анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдегі жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға ықпал етеді, — дейді облыстық филиал директоры Жолдыбай Тентеков.
Мамандардың айтуынша, осы жылдың 3 маусымынан бастап жол құрылысы саласында жаңартылған ережелер күшіне енді. Енді тапсырыс берушілер орындалған жұмыстар мен материалдардың сапасын міндетті түрде уәкілетті ұйым арқылы сараптауы қажет. Жол нысандары тек Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының қорытындысы болған жағдайда ғана пайдалануға беріледі. Бұл өзгерістер жол құрылысы сапасын арттырып, бақылауды күшейтуге бағытталған.
Бұған дейін халықаралық маңызы бар «Петропавл-Қорған» тас жолының салынып жатқанына биыл 8 жыл болғанын жазған едік.