Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті баспасөз қызметінің ҚазАқпаратқа айтуынша, «Фитосанитария» зертханасының мамандары жарты жылда 1,4 мыңнан астам өнімнің, соның ішінде республиканың оңтүстік өңірлерінен және алыс шетелдерден әкелінген бақша дақылдарының сынамасын тексерді. Тексерістердің қорытындысына сәйкес, олардың құрамынан зиянды заттар табылмаған.
«Қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы базарларда және қаладағы ірі сауда үйлерінде экспресс-зертхана жұмысын ұйымдастырып жатыр. Петропавлдықтар ол жерде өнімнің құрамында нитрат азотының бар-жоғын тегін тексерте алады», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Таяуда ғана мамандар 143 сынаманы тексерген болатын. Қалалықтар экспресс-зертханаға әкелген өнімнің барлығы нормативтік талаптарға сәйкес болып шықты.
Шілденің соңы мен тамыз айының басында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден бақша өнімдері молынан әкелінеді.
«Фитосанитария» токсикологиялық зертханалары «Достық» және «Оңтүстік» көтерме сауда базарларында орналасқан. Тексеріс кезінде өнімнің құрамындағы қалдық пестицидтердің, нитраттардың, нитриттердің, ауыр металдар тұздарының қалдық мөлшеріне сараптама жүргізіледі.