«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өңірдегі шағын өзендердің су деңгейі бір тәулікте 2-9 см аралығында көтерілген.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның аумағынан өтетін Ақанбұрлық өзені Ковыльное елді мекені маңында 8 см-ге, Рузаевка ауылының маңында Шарық өзенінің деңгейі 9 см-ге, Мұқыр ауылының маңындағы Мұқыр өзені 8 см-ге көтерілген. Айыртау ауданындағы Гусаковка елді мекенінде Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі бір тәулікте 9 см-ге артқан.
Ал, Аққайың ауданы Северное елді мекенінің маңынан өтетін Шағалалы өзенінің су деңгейі бірден 151 см-ге көтеріліп отыр. Десек те қауіпті деңгейге жету үшін әлі 130 см керек.
СҚО-дағы негізгі су артериясы – Есіл өзенінде жағдай әзірге тұрақты. Сергеев және Петропавл су қоймаларында су деңгейі небары 3 см-ге көтерілді.