СҚО-да шаруашылықтан асыл тұқымды 50 бұзауды ұрлаған күдіктілер ұсталды

Фото: Фото: СҚО ПД

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының полиция бөліміне жергілікті шаруашылықтардың бірінің директоры малы ұрланғанын айтып, көмекке жүгінді. 

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мал басын түгендеу кезінде әулиекөл тұқымды 50 бас бұзаудың жетіспейтінін анықтаған. Келтірілген шығын сомасы – 5 млн 800 мың теңге.

Фото: СҚО ПД

Шаруашылық күзетілмейді. Бейнебақылау камералары да орнатылмаған. Ұрлықтың да нақты қашан жасалғаны белгісіз. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпорынның 24 және 25 жастағы екі жұмысшысының ұрлыққа қатысы барын анықтады.

Күдіктілердің сөзінше, бұзауларды олар бірнеше рейспен ұрлап, ауданның әр түрлі адамдарына сатқан. Қазіргі уақытта құжатсыз сатып алған тұрғындардан 25 бас бұзау қайтарылды, қалғаны бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал күдіктілер енді 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Фото: СҚО ПД

Естеріңізге салайық, бұған дейін мал ұрлығы қай өңірлерде көп жасалатыны туралы жазған едік.