СҚО-да шаруашылықтардың бірінде 100 тонна майлы дақыл жанып кетті

Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов атындағы аудан "Ақ нан север» ЖШС өрт шығып, кептіргішке салынған 100 тонна күнбағыс дақылы жанып кетті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 қазанда сағат 01:22-де «101» телефонына Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское елдімекеніндегі «Ақ нан север» ЖШС-де өрт шыққандығы туралы ақпарат түскен.

Оқиға орнына № 16 өрт сөндіру бөлімінің бөлімшелері жетті. Жалынды ауыздықтауға жеке құрамнан 21 адам, 4 техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер келген кезде металл астық кептіргіштегі 100 тонна күнбағыс дақылы жанып жатқан. Жалын қасындағы қазандыққа да жайыла бастаған екен. Қатты жел өрт сөндірушілердің жұмысын қиындата түсті. Оларға «Нан базасы» ЖШС өртке қарсы ерікті құрылымы және «Қазақстан теміржолы» АҚ өрт сөндіру пойызы көмекке келді.

Дереу іске кіріскен мамандар өртті тек сағат 07:19-да сөндірді.

Өрт салдарынан металл астық кептіргіш, қазандық шатыры және күнбағыс дақылы жанып кетті. Жалын шарпыған аудан 274 шаршы метрді құрады.

Болжам бойынша, өрттің шығуына технологиялық процестің бұзылуы себеп болған.

Зардап шеккендер жоқ.