СҚО-да шебер мүйіз бен сүйектерден таңғажайып мүсіндер жасайды
Шебер күнде біз қоқысқа тастайтын заттардың өзі пайдаға асатынын айтады.
Шебер тек мүйіз бен сүйектерді ғана қолданумен шектелмейді. Бірақ теңіз жануарларының коллекциясында негізінен осы материалдар пайдаланылған. Жайынды қошқардың мүйізінен жасаған. Оның үстіне сызылған суреттің табиғилығы соншалық, ұстаған қолға балықтың қабыршағы білінетіндей.
Бір мүсінді жасауға бірнеше ай кетеді. Кейде қажетті материал табылмай қояды. М. Андағұлов қазір кез келген материалды сатып алуға болатынын айтады. Бірақ оның бәрі де сәйкес келе бермейді. Үндестік болуы қажет.
М. Андағұлов педагогтік қызметке 40 жыл ғұмырын берді. Қазір балаларды шеберлікке баулып отыр. Оқушылары жаттығуға қызыға қатысып, кейде бұйымдардың нұсқаларын өздері ұсынады.
«Қолға түскеннің бәрі бұйым жасауға жұмсалады. Балалардың өздері де сабаққа бірер материал көтеріп келеді. Барлығын да өз қолымызбен, станоктарда жасаймыз. Шәкірттерімнің кейбірі дизайнер болды», - дейді ұстаз.
«Табиғат бізге бәрін берген. Тек, бұзбай, қолдан келгенін жасау керек», - дейді М. Андағұлов.