СҚО-да шектеу қойылған ауылдан тұрғын жүк көлігімен құс етін шығармақ болды

Фото: ҚР АШМ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Шаховское елді мекенінің тұрғыны шектеуге қарамастан құс етін шығарып, сатпақ болған. 

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауылдан шыға берісте Қызызжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жүк көлігін тоқтатқан. Оның ішінен 39 қап қаз еті табылды. Жүк иесінің ешқандай рұқсат құжаттары болмаған.

– Ет өнімі толық тәркіленіп алынды. Процестік шешім қабылдау үшін Қызылжар ауданының ветеринариялық қызмет мамандарына тапсырылды, - делінген баспасөз хабарламада. 

Естеріңізге салайық, СҚО Шаховское елді мекенінде үй құстары жаппай қырылып, ветеринариялық қызмет қараша айының соңында елді мекенге шектеу шарасын қолданды. Ресми сараптама құстардың пастереллезден өлгенін көрсетті.

Соңғы мәлімет бойынша, елді мекенде қырылған құстардың саны 7 мыңнан асқан.