СҚО-да шенеунік орындалмаған жұмысқа 31 млн теңге төлегені үшін қызметінен босатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы орнатылмаған су тазарту модулі үшін мердігерге 31,3 млн теңге төлеген. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. 

Фото: freepik.com

Заң бұзуды жергілікті атқарушы органдарды тексеру кезінде прокурорлар анықтаған.

— Есіл ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұза отырып, орындалған жұмыстар актісіне қол қойып, ауылдық елді мекендерде кешенді су тазарту модулін орнату үшін жеткізушіге іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін 31,3 млн теңге төлеген, — делінген прокуратура хабарламасында.

Осындай заң бұзу облыстың басқа аудандарында да анықталған. Қызылжар ауданында Бескөл ауылдық округінің әкімі аудан орталығының алаңын Жаңа жылға безендіру қызметтері үшін жеткізушіге 8,4 млн теңге төлеген, алайда бұл жұмыс іс жүзінде орындалмаған.

— Ауылдық округ әкіміне толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды, ал аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы жұмыстан босатылды, — деп атап өтілді хабарламада.

Айта кетелік Солтүстік Қазақстан облысында 45 ауыл жабылады