СҚО-да «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына 80 адам қатысып жатыр

Фото: Фото: Ильзат Сафаргалиев

Солтүстік Қазақстан облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қатысушылар бірнеше ауданда құрылыс барысында жіберілген олқылықтарды жоюға атсалысты, деп хабарлайды Kazinform.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Асхат Жақыпбековтың айтуынша, халықтың жемқорлыққа қарсы күрестегі үлесі артқан, оған биыл тамыз айында іске қосылған жоба дәлел. Ол нәтиже беріп те жатыр.

Волонтерлер мониторинг барысында Мамлют ауданында жолдарды орташа жөндеудің кемшіліктерін анықтады: негізгі жолдан түсетін жолайрықтар салынбаған, жол белгілері болмаған. Жөндеуден кейін қолданысқа берілген жолда шұңқырлар жамалмай қалған.

«Волонтерлер жылдың соңына дейін кепілдік міндеттемелердің орындалуын мониторингілеу бойынша аудан тұрғындарынан бастамашыл топ құрды. Бүгінгі күні мердігер ұйым ақауларды жойды. Бұдан басқа техникалық регламентке сәйкес келмейтін балалар ойын алаңдарын орнатуға қатысты тексеріс жүргізді. Явленка ауылдық округінде де бірқатар олқылық анықталып, ол кепілдік міндеттемелер аясында жойылды», - дейді Асхат Жақыпбеков.

Сонымен қатар волонтерлер құқықтық көмек те көрсетеді. «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Евгений Кинцель әр бейсенбі сайын тегін кеңес береді.

Жалпы өңірде үш ай ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қатысуға 80 адам тілек білдірген.