СҚО-да синтетикалық есірткі сатқан 22 жастағы күдікті ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлға Қарағанды облысының тұрғыны психотроптық заттарды тарату мақсатында арнайы келген деген күдік бар.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру кезінде одан ұнтақ тәрізді зат салынған 21 орама және ішінде осындай 30 орамасы бар пакет тәркіленді. Сараптама нәтижесінде бұл «мефедрон» екені анықталды, жалпы салмағы 76 грамм.
Полицейлердің айтуынша, «мефедрон» – аса қауіпті психотроптық заттардың бірі. Ол басқа синтетикалық есірткілермен салыстырғанда тез тәуелділік тудырады.
Күдіктіні «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұстады. Жігіт қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Департаменттің мәліметінше, биылғы 8 айдың ішінде СҚО-да заңсыз айналымнан 475 келіден астам түрлі есірткі заты алынды. Оның ішінде 4 келіден астамы – аса қауіпті синтетикалық есірткілер. Жыл басынан бері полицейлер 196 есірткі қылмысын әшкерелеп, соның 94-і сату фактісі болды.
Бұған дейін СҚО-да түрмеге есірткіні дәретхана қағазы арқылы кіргізбек болғанын жазған едік.