СҚО-да скутер мінген 38 жастағы ер адам қаза тапты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында скутер жүргізушісі жеңіл көлікпен соқтығысып, оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы «Челябі-Новосібір» автожолының 498-ші шақырымында, Мамлют ауданының Покровка ауылы маңында түнде болған.

Ресейлік 50 жастағы азаматтың «Mitsubishi Canter» көлігіне бір бағытта келе жатқан «Honda» скутері соғылған. Скутер жүргізушісі – аудан орталығы Мамлютканың 38 жастағы тұрғыны алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Аталған факті «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Бұл – жаз басталғалы скутер жүргізушілерінің қатысуымен өңірде тіркелген үшінші жол-көлік оқиғасы. Бұған дейін Тайынша ауданында және облыс орталығында да жол апаты болған еді. Зардап шекендердің қатарында скутер жүргізушілері де, олардың жолаушылары да бар.

«Көктем-жаз келісімен профилактикалық жұмысты күшейттік. Жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мотошлем және жарықтандырғыш құралдарын пайдалану, жылдамдықты асырмау қажеттігін, жол жүрісі қағидаларын білмейтін, он алтыға толмаған тұлғалардың көлік басқаруына жол бермеу сияқты басты ескертулерді еске саламыз. Сондай-ақ, 14 жасқа толмаған велосипедшілер, мопед, скутерлердің жүргізушілері жолдың оң жағымен жүріп, жол жүрісінің басқа қатысушыларына кедергі жасамауы тиіс. Маневр жасар алдында оның қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Скутер міну үшін жол жүрісі қағидаларын білуден емтихан тапсыру талап етілмесе де, оларды толық сақтау қажет», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.