СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, «Солтүстік-2020» қысқы спорт ойындары бұған дейін өңірдің 13 ауданында өтті. Бағдарлама аясында Президенттік көпсайыстан, керлингтен, шаңғы қоссайысынан, конькимен жүгіруден жарыстар өтті.
Биыл жарыс бағдарламасына алғаш енгізілген шаңғы қоссайысы барысында спортшылар слаломнан және 10 шақырымға жүгіруден сайысты. Солтүстік өңірдің тұрғындарына шаңғы тебу қиындық тудырмайды, ал слалом жарысында қатысушыларға біраз тер төгуге тура келді. Нәтижесінде Шалақын ауданының спортшысы Аян Әшімов бірінші келді.
«Слаломмен кейбіріміз бүгін ғана таныстық. Біздің өңірде спорттың бұл түрі дамымаған. Ұнады, қызықты спорт түрі. Қары тау болып үйілетін Солтүстік Қазақстанда слаломды дамыту керек деген пікірдеміз», - дейді жарысқа қатысушылар.
Он шақырымға шаңғымен қуалап жүгіруден Никита Юган алдына жан салмады. Жалпы шаңғы қоссайысынан командалық есепте Ғ. Мүсірепов ауданының шаңғышылары жеңіс тұғырынан көрінді. Коньки тебуден М.Жұмабаев ауданының спортшылары бірінші орынды алса, керлингте тайыншалықтарға тең келер жан табылмады.
Финалдық жарыстар Тимирязев елді мекенінде шайбалы хоккейден, фут-залдан, шорт-тректен және шаңғы тебуден 20-23 ақпан аралығында өтпек.