СҚО-да соңғы үш айда 40 мыңға жуық адам ЖРВИ-мен ауырды

Фото: Фото: Астана әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артты.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада облыста ЖРВИ-ді жұқтырудың 3455 жағдайы тіркелген. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда 9% көп.

Бұдан бөлек А (H1N1-pdm09) типті тұмаумен 12 адам ауырып, дәрігерлерге қаралған. 

Мамандардың айтуынша, ЖРВИ мен тұмау ауруының негізгі белгілері: жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі.

Алғашқы белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеуге болмайды, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, дәрігерді үйге шақыру керек, ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеген жөн. 

ЖРВИ мен тұмау – қауіпті, асқанған жағдайда, көбіне өкпенің қабынуына әкеледі. 

Санитар дәрігерлер ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін бөлмені күн сайын желдетуге, қолды мұқият жууға, антисептик құралдарды пайдалануға, ауру күшейген кезде адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тартуға не бетперде тағуға, иммунитетті нығайтуға, спортпен шұғылдануға кеңес береді. 

Жалпы жаңа эпидемиялық маусым басталғалы 39965 адам ЖРВИ жұқтырған. Науқастардың 67% немесе 27 мыңға жуығы - 14 жасқа дейінгі балалар. 

Бұған дейін СҚО-да шошқа тұмауын жұқтырғандар тіркелгенін жазған едік