СҚО-да соңғы бес жылда 40 мың адам жаңа пәтерге көшті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында биыл құрылыс саласына қажет үш ірі жоба қолға алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, өңір осы жылдың 7 айында бірқатар сала бойынша жоғары көрсетіштерге қол жеткізген, мәселен, ауыл шаруашылығы саласында өнім – 105,5 %, өнеркәсіпте – 101,8 %, инвестициялар – 103,7 %, құрылыс – 105 %, тұрғын үй тапсыру – 103,4 %, сауда – 102 % артқан.

«Былтыр облыста «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы құрылып, шетелдік неміс компаниясымен бірге ауыл шарашылығы техникасын құрастыратын зауыт ашылды. Нәтижесінде шаруалар трактор-комбайындарды 27 % жеңілдікпен алуға мүмкіндік алды. Былтыр 92 техника сатылса, биыл құрастырылуы керек 318 машинаның 294-і дайын тұр. Бәрінің иесі бар. Тағы бір кәсіпорын – Петропавл электртехникалық зауыты. Биыл 5 млрд теңгенің өнімі шығарылмақ, 160 адам жұмысқа орналастырылады. Биыл 3 жоба жүзеге асады. Олар – жеңіл болат құрылымдарын, ДСП және электр қалқан қондырғыларын шығаратын зауыттар», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір бүгінде ламинатталған фанерді шеттен тасымай, өзі шығарады, сондай-ақ артылғанын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау сияқты ірі шаһарларға және Еуроодақ елдеріне сатады.

Кірпіш те СҚО-да шығарыла бастады. Кәсіпорын бар қажеттіліктің үштен бірін жауып отыр.

Жылына 13 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт, жыл соңына дейін автоклавты газоблок және плита өндірісін жолға қоймақ.

Жақында Петропавлда темір-бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорын да іске қосылмақ. Нәтижесінде жабуға арналған плиталар, бетон дөңгелектер, іргетасқа арналған бетондар сырттан әкелінбейді.

Өңірде құрылыс материалдарына деген қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. 2017 жылдан бері құрылыс жұмыстарын 1,5 есе өскен. 40 мың тұрғын жайлы жаңа баспанаға ие болды.