СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, мәдениет пен спорт саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды, жоспарлары туралы әңгімеледі.
Қазіргі уақытта облыста 602 мәдениет нысаны бар. Соңғы үш жылда саланы дамытуға 25 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңмен өсіріліп жатыр. 2025 жылға дейін екі есе артпақ. Бұдан басқа жергілікті бюджет есебінен әртістерге кәсіби шеберліктеріне қарай еңбекақысының 50% дейін үстемеақы төленеді», - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұл салада да кадр жетіспеушілігі бар. Осыған орай қажеттілікті жабу үшін облыс әкімінің гранты бөлінетін болды. Нәтижесінде 100 маман бюджет есебінен білім алып шығады.
«Мәдениет нысандарының халық үшін қолжетімді болуы да маңызды. Соңғы үш жылда 8,6 млрд теңгенің 84 жобасы жүзеге асырылды. Соның бірі – Сәбит Мұқанов атындағы музыкалық-драмалық театрының жаңа ғимараты. Тәуелсіздік жылдары елімізде 8 жаңа театр пайдалануға берілген екен. Біздің өңірде ашылғаны – тоғызыншысы», - дейді Дәурен Жандарбек.
Петропавлда жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – Ислам мәдениетінің музейі. Киров атындағы зауыттың аумағындағы көне ғимарат қазіргі уақытта жаңартылып жатыр. Ол – облыс орталығының көрікті нысандарының біріне айналмақ.