СҚО-да сот орындаушылары ірі құрылыс компаниясынан 100 млн теңге қарыз өндірді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сот орындаушылары ірі құрылыс компаниясынан жұмысшыларының еңбекақысы – 100 млн астам теңгені өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Әділет департаментінің мәліметінше, өңірдегі ірі құрылыс компаниясына қатысты сот орындаушылары 2018 жылдан бері 131 атқарушылық іс жүргізген. Оның барлығы еңбекақыға қатысты.

«Кәсіпорынның жұмысшыларына қарызы 100 млн теңгеден асып кеткен. Борышкердің мүлкін сатуға істің сотта болуы кедергі келтірді. Алайда 2020 жылдың желтоқсан айында бұл істі аяқтап, өндіріп алушылардың қарызын жаптық», - дейді СҚО әділет департаменті сот актілерін орындау бөлімінің жетекшісі Жұлдыз Баймашева.

Жалпы былтыр өңірде мемлекеттік және жеке сот орындаушылар еңбекақыға қатысты 6 мыңға жуық істі жүргізген. Ортақ сома – 1,7 млрд теңге.

«5662 істің 5590-ы, яғни 99 %-ы өндіріспен аяқталды. Олардың ішінде 5132-сі бойынша 1,2 млрд теңге өндіріліп алынды. Қазіргі уақытта осы еңбекақы қарызы бойынша 72 атқарушылық іс жүргізу жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының орындауында жатыр», - дейді Жұлдыз Баймашева.