СҚО-да сот шешімімен Грузия азаматшасы елден шығарылады
09:39, 04 Тамыз 2015
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 1 тамыздан солтүстікқазақстандық көші-қон полицейлері «Мигрант» облыстық шарасы аясында жұмыс істейді. Бұл туралы СҚО ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Мигрант» шарасы кезінде СҚО Тайынша аудандық ІІБ көші-қон полициясы тобының инспекторлары Келлеровка ауылында тиісті рұқсатсыз картоп сатып алумен шұғылданып жүрген 52 жастағы Тәжікстан азаматы ұсталды. Сот қаулысы бойынша ол ҚР аумағынан шығарылады», - делінген хабарламада.
Тимирязев ауданында заңда бекітілген мерзімде елден шықпаған 33 жастағы Грузия азаматшасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аудандық соттың қаулысымен ол елден шығарылады.
СҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы Еркетай Тұтқышевтің сөзіне қарағанда, екі тәулікте көші қон заңнамасын бұзған 94 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Мигрант» шарасы 5 тамызға дейін жалғасады.